«Айналдырған ауру алмай қоймас, Бұлттанған күн жаумай қоймас!», - деп дана халқымыздың ескертуі тегін болмаса керек. Бүгінгі күні осы бір айтылған сөздерді туберкулезге байланысты қолдануға болатын секілді.

Бүгінде қоғамда таралған көптеген дерттердің ішінде туберкулез күрделі және өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Бұл ауру оңай жұғатындықтан Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау ұйымының мәліметтері бойынша әлемде туберкулезбен шамамен 8,8 млн адам ауырады және жыл сайын 2 миллионға жуық адам көз жұмады.

Жоғары деңгейде саяси демеу және қаржыландырудың арқасында елімізде туберкулезге шалдығу жағдайы тұрақталып, жыл сайын аурушаңдық және сырқаттанушылық деңгейі төмендеуде. Облыстың статистикалық көрсеткіштері бойынша өткен жылдың он екі айында 2013 жылмен салыстырғанда тұрғындар арасындағы сырқаттанушылық деңгейі 4%-ға төмендеген. Жыл басынан туберкулезбен ауыратын 400 науқас тіркелген. Сырқаттанушылық құрылымын ашып көрсететін болсақ, балалар арасындағы сырқаттанушылық 8 %-ға, ал жасөспірімдер арасындағы сырқаттанушылық 4%-ға төмендегенін көрсетіп отыр.

Туберкулездің ашық формасымен науқастанған адамның сыртқы ортада сөйлеген кезде, әсіресе жөтелгенде және түшкіргенде туберкулездің бацилласын бөліп шығаруына байланысты айналадағы адамдарға қауіп төндіретін ауру екенін әрдайым есте ұстағаныңыз жөн.

Еліміздегі туберкулезбен күрес жүргізудің ұлттық бағдарламасының басым бағыттарының бірі – туберкулездің көп дәріге төзімді түрін уақытылы анықтау, емдеу болып табылады. Біздің мекеме заманауи зертханалық құралдарды қолдану арқылы туберкулездің көп дәріге төзімді түрін анықтауды жеделдетуге бағытталған жаңа әдіс BACTEK MGIT-960, Hain-test сияқты молекулярлы-генетикалық әдістерді қолданады. Осынау жаңа инновациялық зертханалық технологиялар арқылы диагностиканы тез және емдеуді уақытылы бастауға қол жеткіздік.

2014 жылдың қыркүйек айынан бастап балалар және жасөспірімдер арасындағы ТБ-ді анықтауда жаңа әдіс – диаскинтест енгізілді. Диаскинтест – дәстүрлі Манту сынамасымен қатар қолданылатын жаңа зерттеу әдісі. Тест ағзада туберкулез микобактерияларының бар-жоқтығын нақты анықтап береді.

Туберкулез жұқпасының таралуын тоқтатуда басты шараның бірі уақытылы ашық формамен ауыратын науқасты оқшаулау және туберкулезді емдеу мекемелерін тәулік бойы күзету болып табылады. Бүгінде облысымыздағы барлық туберкулезге қарсы қызмет көрсететін мекемелер ЖШС «Күзет» фирмасымен келісім шартқа отырған. Туберкулезге қарсы стационарларда 12 күзет бекеттері ұйымдастырылған. Биіктігі 2,5 метр қоршау құрылымының және бақылау өткізу пунктінің болуы қоғамға қауіп төндіретін науқастардың өз бетінше кетуін алдын алып отыр.

Жеке адамның да, мемлекеттің де басты байлығы – денсаулық. Осынау байлығымызға балаған денсаулығымыздың қамын әрдайым ойлауымыз қажет. Ынтымақ, бірлігі жарасқан елімізде адам денсаулығын нығайту жолында денсаулық сақтау қызметкерлері күресіп үлкен нәтижеге жете алмайды,  тіпті мемлекеттің өте жоғарғы деңгейдегі қолдауы негізінде де  денсаулыққа байланысты ортақ жауапкершілік болу керек.

 

Иманғалиев Махсот Бижанұлы Облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің ДИРЕКТОРЫ